Астанада әскерге сау кетіп, ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Жаназа намазы Шейх Құнта қажы мешітінде оқылды.
Сарбазбен қоштасу рәсіміне оның туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ Ұлттық ұланның өкілдері қатысты. Адвокат Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың басынан өткен қайғылы жайт ата-аналардың әскерге деген сеніміне кері әсер ететінін айтты.
"Осындай жағдайлардан кейін кім өз баласын әскерге жібергісі келеді? Мен ұлдарымның патриот болып өсіп, елін қорғай алатын азамат болғанын қалаймын. Бірақ ол үшін мен мемлекетке сенуім қажет", – деді отбасының адвокаты.
Айта кету керек, бұған дейін Ербаян Мұхтар қайтыс болғанын жазғанбыз.