Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде пияз қоры жеткілікті екенін айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Биылғы жылы қажетті өнім көлемінің болуына және ішкі нарықта тапшылықтың болмауына қарамастан қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды. Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы да өсті. Осы орайда ішкі нарықта пияз қоры жеткілікті екенін атап өткім келеді. Маусым айынан бастап ерте пияз жинау басталды. Ерте пісетін пияздың жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде. Оның бүгінгі күні 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланып отыр. Соңғы уақытта пиязды шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатқанын, алайда министрлік бұл мәселені қолдамайтынын атап өткім келеді. Себебі ерте пісетін пияздың сақталу мерзімі өте қысқа", – деді Ербол Шырақпайұлы.
Министрдің хабарлауынша, қыркүйектен бастап күзгі пиязды жинау басталады. Оның көлемі 1 млн тоннадан астам болады деп болжанып отыр.
Балжан Смаилова