Ердоған әлем лидерлерін Газадағы қантөгісті тоқтатуға атсалысуға шақырды

644

Бұл туралы Түркия президенті G20 саммитінде мәлімдеді. 

Ердоған әлем лидерлерін Газадағы қантөгісті тоқтатуға атсалысуға шақырды Фото: Анадолы агенттігі

Бейнеконференция арқылы сөз алған Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Газа секторындағы қақтығыс тәуелсіз Палестина мемлекетін құру қажеттілігін тағы бір рет көрсеткенін атап өтті. Президент G20 елдерінің басшыларын Израиль-Палестина қақтығысын тоқтатып, екіжақты келісімге қол жеткізу бойынша бастама көтеруге шақырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Халықаралық қауымдастық Газа секторы мен Палестинаның басып алынған аумағында болып жатқан қақтығысқа бұдан былай төзімділік таныта алмайды. G20 саммитіне онлайн қатысқан Түркия президенті мыңдаған сәбидің өліміне себеп болған қантөгісті ақтауға болмайтынын баса айтты.      

"20 қараша – дүниежүзілік балаларды қорғау күні еді. Ал 7 мыңға жуық бейкүнә палестиналық сәби бұл күнді көре алмай кетті. Израильдің Газаға шабуылы 14 мың бейбіт тұрғынды, оның ішінде балаларды өмір сүру құқығынан айырды. Израиль палестиналықтарды өз отанынан қоныс аударуға мәжбүрледі. Ол ауруханаларды, мектептерді, босқындар лагерлерін, ғибадат ету орындарын және шіркеулерді аяусыз бомбалады. Израиль үкіметі өздерін бақылауды жоғалтқаны сонша, ядролық қару қолданамыз деп қорқытты. Газада соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасалып жатқаны анық. Ал оларды жасағандар халықаралық құқық алдында, сондай-ақ, адамзаттың ар-ожданының алдында жауап беруі керек", - деді ол.

Сонымен қатар, Ердоған Израиль мен ХАМАС қарулы қақтығыстарға төрт күн үзіліс жариялап, тараптардың тұтқындарды айырбастауды көздейтін келісімге қол жеткізуін оң өзгеріс деп бағалады. Ол бұл қадам ұзақ мерзімді атысты тоқтату мен бейбітшілікке бастама болуы мүмкін деп үміттенеді.

Саммит барысында Түркия бейбіт тұрғындарға қарсы әрекеттерді ешбір жағдайда ақтап немесе заңдастырмайтынын атап өтті.

"Мен, осында отырған барлық көшбасшыларды израильдіктер, палестиналықтар, еврейлер, мұсылмандар немесе христиандар деп бөлмей, бейбіт тұрғындардың өліміне бірдей жауап беруге шақырамын", - деп қосты Ердоған.

Израиль-Палестина қақтығысы тәуелсіз Палестина мемлекетін құрудың уақыты келгенін тағы бір рет көрсеткенін атап өтті. Осы орайда Ердоған Түркия басқа елдермен бірге "Қауіпсіздіктің жаңа архитектурасында жауапкершілікті өз мойнына алуға, соның ішінде, кепілгер ретінде әрекет етуге" дайын екенін жеткізді. Әрі G20 елдерінің басшыларын Израиль-Палестина келісіміне қол жеткізу үшін бастама көтеруге шақырды.

Бұдан бөлек, саммитке қатысушыларды Газаға гуманитарлық және медициналық көмектің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу