Ыстанбұлда өткен TEKNOFEST 2023-те президент ғарышқа аттанатын екі есімді көпшілікке жариялады. Олар Алпер Гезеравжы және Тува Жихангир Атасевер, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түркияның ғарышты бағындыратын кезі келді. Мыңдаған өтініштің арасынан талапқа сай келетіндері таңдалып алынды. Түркия президенті олардың есімдерін жариялады.
"Біз екі ғарышкерімізді анықтадық. Олардың біріншісі әуе күштерінде үлкен жетістікке жеткен батыр түрік ұшқышы Альпер Гезеравжы. Ол халықаралық ғарыш станциясында 14 күн болады. Ал резервтегі үміткердің аты-жөні - Тува Жихангир Атасевер. Олардың аспан әлеміне аттанатын уақыты 2023 жылдың соңғы тоқсанына жоспарланған", - деді мемлекет басшысы.
Жергілікті БАҚ таратқан мәлімет бойынша, Альпер Гезеравжы әскери-әуе күштері академиясын электроника инженері мамандығы бойынша бітірді, кейін АҚШ әуе күштері технологиялық институтында операциялық зерттеулер бөлімінде магистр дәрежесін алды. F-16 ұшқышы Альпер Гезеравжы 21 жыл бойы әуе күштерінде маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Ал Тува Жихангир Атасевер 1992 жылы Анкарада дүниеге келген. Билкент университетінің электр және электроника инженериясы факультетін бітіргеннен кейін Калифорния университетінде сол бөлімде магистратура бойынша білім алды. Авиациялық жүйе инженері Тува Roketsan компаниясында 5 жыл жұмыс істеді.
Осылайша, жоғарыдағы екі есім ғарышқа аттанып, Түркияның алдыңғы қатарлы университеттері мен ғылыми мекемелері дайындаған 13 түрлі экспериментті жүзеге асырады.
Алдағы уақытта екі ұшқыш АҚШ-қа барып, міндетті дайындықтан өтеді. Атап айтқанда, олар халықаралық ғарыш станциясының жұмыс жүйелері бойынша теориялық сабақтар алады. Сондай-ақ Еуропа мен Жапонияның ғарыш аппараты модульдерімен де танысады.