Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Батыс елдері Израильді "қыңыр бала" ретінде көретінін айтып, ал олардың Газа секторындағы ұстанымына "қорқақ және ұятсыз" деген баға берді. 11 қарашада Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Араб елдері лигасының саммитінде осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, Тель-Авив палестиналықтарға өтемақы төлеуі тиіс.
"Батыстың қыңыр баласы сияқты әрекет ететін Израиль мемлекеті палестиналықтарға келтірген шығынды өтеуі керек", – деді Ердоған.
Түрік көшбасшысы Газаны қалпына келтіруге арналған қор құру қажет деп санайды.
"Бұрын-соңды болмаған варварлыққа тап болдық. Ауруханалар, ғибадат орындары, мектептер, босқындар лагерлері мен жедел жәрдем көліктері бомбаланып, бейбіт тұрғындар қырғынға ұшырап жатыр", – деді Түркия президенті.