Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның кеңесшілерінің бірі Исмаил Сесур түрік көшбасшысы мен АҚШ президенті Джо Байденнің Брюссельдегі НАТО саммиті аясында түсірілген фотоны жариялағаны үшін британиялық Financial Times газетін сынға алды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Түркияның Bianet агенттігіне сілтеме жасап.
France-Presse және Reuters агенттіктері жариялаған фотода Ердоғанның Байденмен амандасу үшін орнынан тұрып, жұдырықпен амандаспақшы болған сәті түсірілген.
Британиялық басылым НАТО саммитінің күн тәртібіндегі тақырыптардың бірі пандемиямен күрес мәселесі болса да, Ердоғанның бетпердесіз отырысқа келгенін сынға алды.
Алайда ресми Анкараның ашуын Ердоғанның маскасыз түскен суретінің жариялануы емес, батыстық БАҚ өкілдерінің түрік көшбасшысының өте ыңғайсыз кейіпте тұрған суретін желілер мен басылымдарда таратуы тудырды.
Түркия билігінің реакциясынан кейін, Reuters агенттігі бұл суреттің түсінбеушілікке әкеліп соққанын айтып, ол жерде Ердоған Ақ үй басшысымен амандасу үшін орындықтан тұрып жатыр деп ағынан жарылды.
"Financial Times бұл фотосуретті НАТО саммитіндегі басқа да фотосуреттердің ішінен таңдап алуы белгілі бір әсер қалдыруға бағытталған. Дегенмен Режеп Тайып Ердоғанның НАТО самиттіндегі жұмысы оның үлкен платформаларда күрес жүргізіп жатқанын білдіреді. Біз сені әрқашанда қолдаймыз, әлемдік көшбасшы", – деп жазды Исмаил Сесур Twitter-дегі парақшасында.
Табиғат Нұрболат