Ердоған отандық көлікке мінді

1579

Түркия президенті Ердоған алғашқылардың бірі болып отандық автокөлікке тапсырыс берген.  

Ердоған отандық көлікке мінді Фото: gtso.org.tr/togg

Күні кеше "Анадолы" (қызыл) және "Гемлик" (көк) көліктері мемлекет басшысы мен бірінші ханымға табысталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты trt.haber.com-ға сілтеме жасап.

Түркияның 60 жылдық автокөлік арманы орындалды. Жергілікті БАҚ-тағы мәліметке сүйенсек, алғашқы қадамдар 1960-1966 жылдардағы президент Джемал Гюрсельдің тұсында жасалған. Ол  20 түрік инженеріне тапсырма берген. Сол кездегі бюджеттен 1 миллион 400 мың лира бөлінді. Инженерлер 129 күнде көлік құрастыруды жүзеге асырды, алайда бұл оқиға басталмай жатып аяқталды. Автокөлікке бензин құйылмағандықтан жолда қалған көліктің жобасы кейінге шегерілген.

Жарты ғасыр өткен соң отандық автокөлік идеясы қайта жанданды. 2017 жылы Togg-ге алғашқы қадамдар жасалды. Алдымен Бурса Гемликте өндірістік база құрылды. 2022 жылы 29 қазанда Togg-тың алғашқы сериялық нұсқасы салтанатты рәсімде таныстырылды. Содан бері өндіріс қарқынды жүріп келеді. Жыл соңына дейін 20 мыңға жуық автокөлік шығару жоспарда бар. Ал 2030 жылға қарай отандық көлік санын 1 миллионға жеткізу мақсаты тұр.

Togg T10X көлігінің түстері Түркияның таңғажайып сұлулығымен тікелей байланысты болғандықтан "Анадолы" (қызыл), "Гемлик" (көк), "Олту" (қара), "Кула" (сұр), "Кападокия" (сарғыш) және "Памуккале" (ақ) деп атады.

Сонымен қатар жылдам зарядтау арқылы 28 минуттан аз уақыт ішінде қуат деңгейін 20-дан 80 пайызға дейін жеткізе алады. Зерттеулерге сәйкес, көліктің аккумуляторлары 160 шақырымға дейін кедергісіз жұмыс істейді.

Togg-тың бағасы 22 миллион 500 мың теңгеден (950 мың лира) бастап көліктің техникалық сипаттамалары мен диапазонына байланысты 42 миллион теңгеге (1 миллион 790 мың лира) дейін барады.

Ердоған Togg автокөлігіне алғашқылардың бірі болып 2019 жылы тапсырыс берген.

- "Togg автокөлігі Түркияның жүз жылдығының алғашқы жемістерінің бірі. Ол біздің елдің технологиялық, экономикалық дамуының және жаһандық беделінің символы. Бұл жоба енді дамып келе жатқан кезде сын да айтылды, айыптау мен жала жабу да жүріп жатты. Соңында не болды? Togg автокөлігі жобаланды, зауыты құрылды, жасалды және сатылымға шықты. Бірінші күннен-ақ тапсырыс берушілер саны рекордтық көрсеткішке жетті", - деді мемлекет басшысы.

Кеше қызыл түсті, яғни, "Анадолы" Togg Президенттің әйелі Емине Ердоғанға табысталды. Аталмыш түс пен көліктің нөмірін бірінші ханым өзі таңдаған. Ал Президент Togg T10X көлігін қолданады.

Сонымен қатар Әзірбайжан президенті де аталмыш көлікке тапсырыс берген болатын. Бүгін ел астанасы Бакуде өтетін салтанатты рәсімде Илхам Әлиевке көлік кілті табысталады.

Айта кетей, бүгінге дейін Togg көлігіне алдын ала тапсырыс берген 177 мың 467 адамның 20 мыңы отандық көліктің иелері атанды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу