Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Стамбулда өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы одағына мүше мемлекет басшыларының VIII саммитінде осындай мәлімдеме жасады.
Режеп Тайып Ердоған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы жолындағы кедергілерді жоюға шақырды.
Ердоған ұйымға мүше елдер арасындағы тауар айналымын арттыруға үндеді.
"Біздің елдер арасындағы тауар айналымының көлемі небәрі 21 млрд доллар. Түркі кеңесі елдері көлік қатынасын, аралас тасымалды дамытуға, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін "Орта дәлізді" белсенді пайдалануға тиіс. Нахчыван (Әзербайжан) арқылы өтетін жол да маңызды", – деді Түркия басшысы.
Сонымен қатар ол Түркітілдес елдер "экономиканың жасыл дамуы" экологиялық тұжырымдамасы аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруы тиіс екенін алға тартты.
Ердоған саммитке қатысушыларға Түркі кеңесінің азаматтық қорғанысының бірыңғай тетігін қалыптастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл табиғи апаттардың салдарын жоюға көмектеседі.
Ердоғанның пікірінше, Түркі кеңесі елдері ксенофобия мен исламофобияның салдарымен бірлесе күрес жүргізуді ұсынды.
Айта кететін жайт, бүгін Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтіп жатыр.
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өтіп жатқан саммитке Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысуда. "Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар" ұранымен ұйымдастырылған саммитке Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан мен Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев те келген.
Табиғат Нұрболат