Ерейментауда ет өңдейтін жаңа кешен іске қосылды

1120

Ерейментауда ет өңдейтін жаңа кешен іске қосылды

Ақмола облысының Ерейментау ауданында ет өңдейтін жаңа кешен іске қосылды. Бұл туралы аймақ басшысы Сергей Кулагинның ауданға сапары барысында айтылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Аудандағы  "Жаңа Береке" шаруа қожалығының атқарушы директоры Жандос Хасеновтің айтуынша, бүгінгі күні шаруашылықта 2130 бас ірі қара болса, оның 42-і бұқа да, қалғаны – ұрғашы мал.

Сонымен қатар, шаруа қожалығы әртараптандыру шеңберінде мал азығы болатын дәнді дақылдар егілетін алқаптарды кеңейтуде. Егістікке жарамды жердің 4 мың гектарына біржылдық және көпжылдық екпе шөп егіледі. Енді қожалық ет өңдейтін жаңа кешенді іске қосып отыр. Жобаның құны 1 миллиард 131 миллион теңгені құрады. Бұл қаржының 738 миллион теңгесі "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамы арқылы берілсе, қалғанын шаруа қожалығы өз қалтасынан салды. Оған қоса, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық мәртебесі бар шаруа қожалықтың 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы да бар.

"Асыл тұқымды мал басын көбейту үшін 2013 жылы "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамының қарыз ақшасына  800 бас қазақтың ақбас сиыры мен 98 бас қалмақ сиырларын сатып алдық. Алдағы уақытта мал басын 3 мыңға жеткізіп, ет өндірісін арттыру жоспарда бар", – деді Жандос Хасенов.

Мал еті негізінен Астана қаласының сауда орындарына өткізілуде. Сонымен қатар, серіктестік халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізуде. Осы мақсатта Новомарковка және Кіші Торғай ауылдарында жұмысшыларға арналған барлығы бес тұрғын үй салып берген. Шаруа қожалығы жыл сайын ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына демеушілік жасауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу