"Ерекше балаларды ұрған": Балқашта балабақша тәрбиешісінің көмекшісі 4 жылға сотталды

296

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

"Ерекше балаларды ұрған": Балқашта балабақша тәрбиешісінің көмекшісі 4 жылға сотталды Фото: sud.gov.kz

Балқаш қалалық соты балабақша тәрбиешісінің көмекшісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, Балқаш қаласы білім бөлімінің "Ер Төстік" бөбекжайы" КМҚК-ның тәрбиеші көмекшісі С. кәмелетке толмаған екi адамға қатысты денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірмесе де, ұдайы ұрып-соғып және күш қолдану арқылы тән зардабына ұшырату әрекеттерін жасады деп айыпталған (ҚК-нің 110-б. 2-б. 1), 2) т.).

"С. қызметтік міндеттерін атқару кезінде 2022 жылдың 22 қыркүйеғы мен 20 желтоқсаны аралығында психо-сөйлеу дамуының кешігуі бар балаларға арналған арнайы топта бола тұра, денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаған ұдайы ұрып-соғу және өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы кәмелетке толмаған екi адамды – Т. мен К.-ны тән зардабына ұшыратқан", - делінген сот хабарламасында. 

Сотталушының кінәсі оның кінәні мойындаған айғақтарымен, жәбірленушілердің заңды өкілдерінің айғақтарымен, бейнебақылау камераларының бейнежазбаларымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен, және басқа да дәлелдемелермен расталған. 

Прокурор С.-ны кінәлі деп танып, педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандағын айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады. 

Қорғаушы тарап С.-ға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Сотталушы жасаған іс-әрекетіне шын ниетпен өкiнуін, мүлiктiк залалды және моральдық зиянды толық өтеген, сот бұл деректерді жауаптылықты жеңілдететін мән-жай деп таныды. 

"Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайды, сотталушының жеке басын, оның жасын, мүгедектігін ескере отырып, сот С.-қа кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандағын шектеу жазасын тағайындады", - делінген хабарламада.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу