Балаларға арналған психоневрологиялық орталық бірнеше жыл бойы өндірістік аймақтағы нысандардың бірінде ем-дом көрсетіп келген еді. Зауыттардың арасында орналасқан, қоғамдық көлік жүрмейтін мекемеге балаларды апару ата-аналарға қиындықтар тудырды. Оған қоса, бұл ғимарат санитарлық талаптарға сай болған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
2019 жылы ерекше қажеттілігі бар балалардың аналары Мемлекет басшысына Ашық хат жолдап, жаңа ғимарат сұраған еді. Ата-аналар қаланың шетіндегі оңалту орталығының ешбір талапқа сай еместігін айтып, дабыл қақты. Өткен жылдың көктемінде тексеріс жұмыстарын жүргізген облыстық прокуратура қызметкерлері де бірнеше кемшілікті анықтады. Санитарлық нормалардың сақталмауымен қатар, психотроптық препараттардың қолданылатыны, тіпті тиісті лицензияның жоқтығы анықталды. Құзырлы орган бұл олқылықтарды жоюға нақты мерзім берді. Сөйтіп жергілікті билік жаңа ғимарат қарастыра бастады.
Арада бір жарым жыл өткен соң ғана психоневрологиялық орталықты көшіруге сай келетін ғимарат табылды. Бұрын шеберлік цехтары орналасқан ескі нысан қалпына келтіріліп, Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылды. Мұнда ойын бөлмесі, мамандарға арналған жеке кабинеттер, сыйымдылығы кең асхана және медициналық блок қарастырылған.
"Үш жылдан бері менің ұлым осы орталықта денсаулығына қажетті ем алып келеді. Осы уақыт аралығында басқа ата-аналармен және орталық қызметкерлерімен бірге бір отбасындай болып кеттік. Жаңа ғимаратқа ие болғанымыз бәріміз үшін үлкен сый болды. Енді бізге орталыққа жету бұрынғыдан да әлдеқайда ыңғайлы", – дейді ерекше баланың анасы Ольга Копущу.
Бүгінде балалар психоневрологиялық орталығының стационарында 50 жеткіншек тұрақты ем қабылдайды. Тағы 20 бала медициналық-әлеуметтік мекеменің күндізгі бөліміне барады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі өзге де жандарға ыңғайлы мекемелер беру мәселесі қарастырылатынын айтты.
"Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ірі оңалту орталығын салу, Лермонтов көшесінде жұмыс істейтін балаларды оңалту орталығын және аутистік спектрі бұзылған балаларға арналған орталықты кеңейту жоспарларымыз да бар. Біз ерекше балалар тәрбиеленетін отбасылардың қандай қиындықтарға тап болатынын түсінеміз және оларға көмектесуге дайынбыз", – дейді облыс басшысы.
Ажар Дәулетова