Ереуіл салдарынан "West Oil Software" компаниясына 500 млн теңгедей шығын келді

518

Наразылық акциясын Қарақия аудандық соты заңсыз деп таныған болатын. 

Ереуіл салдарынан "West Oil Software" компаниясына 500 млн теңгедей шығын келді Фото: әлеуметтік желіден

Маңғыстау облысы, Жетібай кентінде "West Oil Software" ЖШС қызметкерлерінің ереуілі 2023 жылдың 11 желтоқсанында басталған еді. Бұл туралы inbusiness.kz сайтының тілшісі жазады.

Ереуілге қатысушылар ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, компанияны "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ құрылымына кіргізу және арнайы техникаларды жаңарту талаптарын қойған болатын. Алғашқы екі талаптарды орындау мүмкін емес, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

"Бұл ретте, ұлттық компания үшінші мәселе бойынша талапты қанағаттандыруға дайын және әзірленген үш жылдық жоспарға сәйкес техниканы жаңарту процесін бастады. Орындалуы мүмкін емес талаптардың қойылуы нәтижесінде компанияға күн сайын материалдық шығын келтірілуде. Бүгінгі таңда, ереуілге қатысушылардың заңсыз әрекетінің салдарынан компанияға шамамен 499 млн теңге залал келіп отыр. Бұл компанияның қаржылық жағдайына ғана емес, ереуілге шыққан жұмысшылардың отбасылық бюджетіне де әсер етеді. Ереуіл басталғаннан бері қатысушыларға олардың әрекеттерінің заңсыздығы туралы бірнеше рет түсіндірілді. Сонымен қатар, арнайы техникалардың кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары басталғандығы және жұмысқа шығу қажеттілігі туралы хабарланды. Компанияның ереуілге шыққан жұмысшыларымен мәселені келіссөздер үстелінде шешуге шақыру әрекеттері сәтсіз аяқталды. Жекелеген белсенділер мұндай бастамаларға тосқауыл қойып, ереуілді тоқтатқысы келетіндерге барлық талаптар жақын арада біздің пайдамызға шешіледі деп оларды жаңылыстыру арқылы ұстап отыр", - дейді компанияның баспасөз қызметі.

Алайда үгіт насихатына қарамастан, кейбір жұмысшылар заңсыз акциядан бас тартқан. 50-ден астам жұмысшы өз жұмыс орындарына оралды.

"Біз ереуілдің жекелеген көшбасшыларының ойларын, жеке қызығушылығы мен әрекеттерін білеміз. Осыған дейін, жұмыстан шығарылған 7 белсенді үшінші тұлғалардың мүддесі үшін "West Oil Software" ЖШС жұмысына кері әсер етіп, оның орнына басқа компанияны әкелуге тырысуда. "West Oil Software" ЖШС басшылығы 2024 жылдың 12 қаңтарынан бастап заңсыз ереуілдің жалғасуына түрткі болған қызметкерлерді жұмыстан шығаруға ниетті. Егер мекемеміздің өз міндеттерін орындауға кедергі келтіретін іс-әрекеттер тоқтатылмаса, компания тергеліп жатқан қылмыстық іс шеңберінде жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына беруге мәжбүр болатынын ескертеміз. Біз парасатты болуымыз керек, отбасымызды адал еңбекпен асырап, балаларға дұрыс тәрбие беруге мүмкіндік берген компаниядағы тұрақтылықты бағалауымыз керек", - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Сондай-ақ, Қарақия ауданында жұмыссыздық бойынша есепте тұрған азаматтарды бос орындарға жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу