Басшылық "Жаңаөзендегі жұмысшылардың ұсыныс-ескерту айтуын шектемейміз" дегенді айтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"ҚазМұнайГаз" компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов БАҚ өкілдерімен кездесуде қарсылық акциясының дұрыс еместігіне тоқталды.
– Қазіргі ақпарат бойынша, 160 адамның 19-ы жұмысқа шықты. Яғни, 141 адам жұмысқа шықпай жатыр. Жалпы, "ӨзенМұнайГазды" айтсақ, 4770 адамның ішіндегі 4630 адам қазір жұмыста. Біз оларға ешқандай уақыт қойып отырған жоқпыз. Үнемі айтып жатырмыз. Қазіргі акция дұрыс еместігін түсіндіріп, оларды жұмысқа қосылуға шақырып жатырмыз. Яғни, олар міндеттерін толық атқару керек, – деді ол.
Журналистер басқарма төрағасынан "жұмысшыларға қысым болмай ма?" деп сұраған. Асхат Қасенов өз кезегінде қысымның жоқ екенін, бірақ жұмысқа шығу қажет екенін жеткізген.
– Ешқандай ішкі қысым жоқ. Оны мен сізге ресми айтып отырмын. Күнделікті кездесіп, ашық жұмыс істеп отырмыз. Бір ғана мекеменің өзінде 37 одақ, 3 үлкен кәсіподақ бар. Жұмысқа шығу қажет. Қосымша бір ұсыныстар, ескертулер болса, біз оларды ешқашан шектемейміз. Тікелей диалогқа дайынбыз, – деп жауап берген басқарма төрағасы.