Ерік Алғабек Шымкенттегі ел біріншілігін қорытындылады, деп жазады Olympic.kz.
"Біз тағы төрт жолдама алуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан чемпионатында үздік атанған спортшылар ұлттық құрамадағы тиісті орындарын шегелеп алды. Спортшылар үшін нағыз тартысты талас енді басталады. Себебі, кейбір спортшы ел ішінде жақсы бокс көрсеткенімен, шетелде, әлемдік және халықаралық бәсекелерде бабы мен бағы келіспей, жеңілістен көз ашпайды. Қазақстан чемпионатын қорытындылап, жаттықтырушылар құрамымен ақылдасып, жолдама жолында жұдырықтасатындар тағдырын шешетін боламыз. Қазақстан чемпионатына өте жоғары дәрежеде дайындалып, ерекше көзге түскен спортшылар көшін Назым Қызайбай бастап отыр. Оның осы біріншілікке ерекше жігерленіп келгені байқалады. Одан кейін Владислава Кухта мен Арайлым Мараттың жекпе-жектерін де жоғары бағалауға болады", – дейді бас бапкер.