81 келі салмақта өнер көрсететін Ерік Әлжанов Шымкентте өтіп жатқан бокстан Қазақстан біріншілігін сәтті бастады, деп жазады Vesti.kz.
Жарыстың бірінші айналымында Маңғыстау облысының намысын қорғайтын Әлжанов Алматы облысының боксшысы Олег Матвейчуктан айласын асырды.
Айта кетейік, Ерік Әлжанов 2017 жылы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атанған болатын. Отандасымыз финалда өзбек боксшысы Бектемір Меликузиевтен жеңіліп қалды.
Еске сала кетсек, 5 қараша күні Шымкент қаласында бокстан Қазақстан біріншілігі басталды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша ОҚО намысын қорғайтын Зәкір Сафиуллин (60 келі) атыраулық Асылхан Ұзақбаевтан 5:0 есебімен айласын асырса, оңтүстіктің тағы бір өрені, 2017 жылғы әлем біріншілігінің қатысуышысы Бекдәулет Ибрагимов қызылордалық Ернұр Өлмесбектен 5:0 есебімен басым түсті.