Ерікті қоныс аударуға ниеттілер қатары көбейіп келеді

451

Маңғыстау облысында ерікті қоныс аудару бағдарламасына қызығушылық артып келеді.

Ерікті қоныс аударуға ниеттілер қатары көбейіп келеді Фото: inbusiness.kz

Мәселен, биыл жыл басынан 99 адамнан тұратын 20 отбасы Солтүстік өңірге көшкен. Ал соңғы 8 жылда жалпы 1 мыңға жуық тұрғын өзге өңірлерге қоныс аударған. Бүгін осы мақсатта Абай облысының өкілдері халық көп шоғырланған Мұнайлы ауданының халқымен жүздесті.

Айнагүл Шамұханова  Мұнайлы ауданының тұрғыны. Көпбалалы ана мемлекеттік бағдарламаны бұрыннан бақылап келеді. Алдағы уақытта ересек балаларын өзге өңірге көшіруге ниетті.

"Барлығымыз бір Маңғыстауда болмай. Кішкене жан-жаққа, ертең үлкейген кезде де жан-жаққа қыдырып барған жақсы ғой. Сол үшін қызығушылығым бар. Түгел көшіп бармасам да, баламды жіберіп көремін. Тұрсын 1 жыл. Көрсін, қысы қандай болады деген сияқты", - дейді Мұнайлы ауданының тұрғыны Айнагүл Шамұханова.

Ерікті қоныс аударуға ниетті азаматтарды мемлекет қолдауының толық көрсету мәселесі алаңдататыны рас. Осы мақсатта Тұрсынгүл Қаражановамен тілдесуді жөн көрдік. Бейнеу ауданының тумасы осыдан үш ай бұрын Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданына көшкен болатын. Бастауыш сынып мұғалімінің жолдасына жұмыс бірден табылды. Алайда, халықтың аздығына байланысты мектепте жұмыс жоқ көрінеді.

"Мен бастауыш сынып мұғалімімін. Маған вакансия жоқ. Себебі, бала аз. Бала саны аз болғандықтан, мұнда көпбалалы отбасыларды шақырып жатыр. Мектепті сақтап қалу үшін. Қазақ мектеп бар 11 жылдық. Қыстап көрген жоқпыз. Бұйырса енді 1-ші қысымыз. Былай ұнап жатыр", - дейді Тимирязев ауданының тұрғыны Тұрсынгүл Қаражанова.

Тұрсынгүл секілді соңғы 8 жылда Маңғыстаудан 777 адам өз еркімен көшкен. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл көрсеткіш тағы өседі.  Себебі, өзге өңірге көшу үшін жолақысы ретінде адам басына 241 500 теңге беріледі. Сондай-ақ, құны 8 млн-нан аспайтын баспана табылса, үкімет жарты шығынын өтейді. Оқушылар мен студенттер тегін біліммен қамтамасыз етіледі. Бұл жолы Абай облысының өкілдері келіп, Мұнайлы мекеннің тұрғындарына бар мүмкіндікті жеткізді.

"Биылғы жылы министрлік тарапынан 434 отбасын көшіру жоспары берілген. Оның бүгінгі күні 332 отбасы көшіп келді. Яғни, жоспарды 76% орындап отырмыз. Бұдан бөлек, жанағы жұмыспен қамтудың шаралары бар. Оны атап өтсек 400 АЕК, яғни 1 млн 480 мың теңге қайтарымсыз грант бар. Өз кәсібін ашам, кәсібімді дөңгелтем десе... ", - дейді Абай ауданы бойынша Мансап орталығының директоры Нұрбек Серікбек

Ерікті қоныс аудару бағдарламасының "бір терезе" қағидаты алыс-жақын шетелден Атамекенге оралатын қандастарға мол мүмкіндік береді. Мәселен, жыл басынан 144 квота бөлініп, 44 отбасы өзге өңірге көшті. Ал жалпы қоныс аударуға ниеттенсеңіз, сізді Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары, Абай, Ақмола, Қостанай өңірлері қарсы алуға дайын. Ол үшін тұрғылықты жердегі "жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламадар" басқармасына барыңыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу