Ерікті сақтандыру жүйесі бойынша 518,2 млн теңге төленді

1855

Былтыр агроөнеркәсіп кешенін ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ерікті сақтандыру жүйесі бойынша 518,2 млн теңге төленді

"Жаңа жүйе сақтандыру сыйақысын 50% көлемінде субсидиялауды көздейді. Жүйеге сақтандыру жағдайы басталған кезде төлем кепілдігін қамтамасыз ететін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылды", – деді Сапархан Омаров.

Министрдің айтуынша, сақтандырудың жаңа жүйесі негізінде өсімдік шаруашылығы саласындағы сақтандыру өнімдері және алғаш рет мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру шарты бекітілді.

"Бұл – мультитәуекелді өнім. Тәуекел қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қаскүнемдік әрекеті, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағайдың түсуі, тұншығу, жануарлардың шабуыл жасауы сынды тосын жайттар мен оқыс оқиғалар енді", – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Сапархан Омаровтың сөзінше, 2020 жылғы көктемгі дала және егін жинау барысында астық егілетін 6 өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақыл сақтандырылды. Сақтандыру жағдайының тууына байланысты 
518,2 млн теңге төленді. 

"Мал шаруашылығы саласында да 2 117 бас ірі қара мал сақтандырылды. Бұл бағытта сақтандыру жағдайы тіркелген жоқ", – деді министр. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу