Жинақтаушы қор шотындағы ерікті зейнетақы жарналарын алу үшін салымшылар enpf.kz сайты арқылы өтініш бере алады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ол үшін шотта қаржы кемінде 5 жылдан бері жинақталуы керек.
"БЖЗҚ көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту үшін, салымшыларға ыңғайлы болып, олардың уақытын үнемдеу үшін қордағы шотта кемінде бес жыл жатқан ерікті зейнетақы жарналары мен олар бойынша есептелген инвестициялық кірістерден қалыптасқан зейнетақы төлемдерін тағайындауға онлайн өтініш беру мүмкіндігін іске қосты", – деп жазылған қор таратқан хабарламада.
Осылайша, БЖЗҚ -да зейнетақы жинақтары бар салымшылар enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте төлемдерді тағайындауға өтінім бере алады.
Міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен:
- белгісіз мерзімге 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға тағайындалады.
Ал ЕЗЖ есебінен:
- 50 жасқа толған адамдар;
- мүгедектігі бар тұлғаларға;
- БЖЗҚ –дағы шотында кемінде бес жыл жатқан ЕЗЖ және олар бойынша есептелген инвестициялық кіріс көлемінде зейнетақы жинақтары бар адамдарға тағайындалады.
Өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек. Сондай -ақ, "Электрондық қызметтер" бөліміндегі "Менің төлемдерім/ аударымдар бойынша өтініштерім" қызметін пайдалана отырып, enpf.kz сайтында "БЖЗҚ" АҚ -да тіркелген төлем туралы өтінімнің орындалу жағдайын бақылай аласыз.
Айта кететіні, ерікті зейнетақы жарналары - салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-да жинақтаған ақшасы. Бұл ретте ЕЗЖ төлемінің мөлшері мен жиілігін жеке немесе заңды тұлға өзі белгілейді.
"Өзгерістер күшіне енгеннен кейін 2,8 мыңға жуық адам кемінде бес жыл бойы жинақталған ЕЗЖ төлемдерін ала алады", – деп жазылған қор таратқан
хабарламада.