Еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа ала алады

2040

Мемлекет басшысы Жастар жылының жабылу және Волонтер жылының басталу салтанатына қатысты.

Еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа ала алады Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Волонтер жылының міндеттері туралы айта келіп, бірнеше негізгі бағыттарға назар аударуды ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Сабақтастық" жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына ала алады. "Саулық" бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды, олар ауырған адамдарға жәрдем көрсетеді. "Таза әлем" жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. "Асыл Мұра" бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартады. "Қамқор" бастамасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысын қамтамасыз етеді. "Білім" жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыстарына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектеседі. "Үміт" жобасы бойынша еріктілер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады. 

Президент волонтерлікті ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қала мен ауылда дамыту керек деп санайды. Сонымен қатар ұжымдық волонтерлікті өркендетуге мемлекеттік аппаратты да, ұлттық және ірі компанияларды да атсалысуға шақырды.

"Дана халқымыз "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу