Қазақстанда еріктілер қозғалысын дамыту бойынша qazvolunteer.kz функционалдық онлайн-платформаның тұсауы кесілді. Онлайн алаңды ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Ұлттық волонтерлер желісі" ЗТБ-мен бірлесіп әзірледі, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Қазақстанда еріктілер азаматтық белсенділіктің кең тараған формаларының бірі. Қазіргі уақытта 200-ден астам волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істейді, еріктілер қозғалысымен 50 мыңнан астам адам қамтылды. 2018 жылы өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде еріктілердің әлеуетін арттыруға және оқытуға, волонтерлер мен волонтерлік ұйымдарды әлеуметтік жобалар мен іс-шараларды іске асыруға тартуға бағытталған 25 жоба іске асырылды", – деді ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ендігі уақытта qazvolunteer.kz сайты арқылы бірыңғай жүйеленген еріктілер қызметін пайдалануға болады.
"Qazvolunteer.kz онлайн-платформаның функционалдық мүмкіндіктері еріктілерге жаңа бастамаларды іске асыруға, өз қызметі туралы ақпаратты ашық қол жеткізуге, жобаларды, акцияларды және іс-шараларды ұйымдастырушыларға еріктілер мен еріктілер ұйымдарын табуға мүмкіндік береді", – деді ол.