Аралас жекпе-жек шебері, танымал актер Еркебұлан Тоқтар оқырманына 50 мың доллар аударды. Жасқанат есімді жігіт қатерлі ісікке шалдыққан анасының еміне ақша жинап жүрген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еркебұлан Тоқтар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тиісті ақпаратпен бөлісті. Жарияланған видеода анасының еміне ақша жинап жүрген жігіттің оқиғасы баяндалады.
Түркиядағы емге 50 мың доллар қажет екені де айтылады. Бұл – шамамен 23,5 миллион теңге. Аралас жекпе-жек шебері видео барысында Nomad Fighting ұйымының президенті Мұхамеджан Қонысбековке хабарласып, 4 шілдеде өтуі тиіс жекпе-жекте берілетін гонорардан алдын ала 50 мың доллар аударуды сұрайды.
"Оқырманымның анасы қатерлі ісікке шалдықты", – делінген жазбада.
Емге қажет ақша 26 мамыр күні табысталды.
"Бұл – жекпе-жектің келісімшарты. Оған әлі 1,5 ай бар. Міне 50 мың доллар. Мен жеңуге уәде бердім, олар қатерлі ісікті жеңуге уәде берді. Анаң аман болсын!", – деді Еркебұлан Тоқтар оқырманына.