Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныған.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, Еркебұлан Тоқтардың бейәдеп сөздер айтқан видеосы әлеуметтік желілерден анықталған.
"Танымал болу жауапкершіліктен босатпайды. Әлеуметтік желілерден танымал MMA жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтардың бейәдеп сөздер айтқан видеосы анықталды. Сот қаулысымен ол 434-бап бойынша кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады прокуратура.
Оқиға Астанада өткен IBA Nomad халықаралық турнирінен кейін болған. Жарыста Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық муай-тайдан әлем чемпионы Бобиржон Исроиловты мерзімінен бұрын жеңген.
Жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында қазақстандық спортшы мен өзбекстандық файтер Огабек Абдумуминов арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Сол сәтте Тоқтар журналистер мен камералардың алдында қарсыласына балағат сөздер айтқан.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің сынына ұшырады.
Прокуратураның түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес әлеуметтік желідегі жария эфирлер мен трансляциялар қоғамдық орындарға теңестіріледі. Осыған байланысты сот спортшының әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалаған.
434-бап бойынша мұндай құқық бұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.