Еркін күрестен қазақстандық балуандар Шымкентте өтетін ел біріншілігіне қызу дайындалуда. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
"Дәл қазіргі сәтте еркін күрес шеберлері өз аймақтарында жаттығып жатыр. Олардың басын қосатын оқу-жаттығу жиыны 20 қаңтар күні Шымкентте басталады. Ал 7-10 ақпан аралығында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтетінін ескерткім келеді. Дәл осы біріншіліктен соң біз алдағы жарыстарға қатысатын Қазақстан құрамасын жасақтаймыз", – деді Серікбаев.
Бас бапкердің айтуынша, ел чемпионатынан кейін балуандарды ең маңызды екі жарыс күтіп тұр.
"Балуандардың алдындағы басты міндет – Қытайда өтетін Азия чемпионаты мен Астанада өтетін лицензиялық әлем чемпионатында жақсы күрес көрсету. Біздің барлық күш-қуатымыз осы додаларда биіктен көрінуге бағытталған. Алдағы уақытта АІВА базасында бірнеше мемлекетпен бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Бүгінге дейін Беларусь пен Өзбекстан балуандары қатысатынын растады. Енді Украина құрамасынан хабар күтудеміз. Бас бапкері бірлескен жиынға келісім берген болатын", – дейді Әсет Серікбаев.
Ұлттық құрама бапкері кейбір салмақтарда жарақат алған балуандар бар екенін де жасырмады.
"Бір-екі салмақта жарақат алған спортшыларымыз бар. Қазақстан чемпионатына дейін олар қалпына келе ма, жоқ па, белгісіз. Дегенмен, талантты балуандар бар күшін салып, ұлттық біріншіліктен сырт қалмайды деген сенім мол", – дейді бапкер.
Әсет Серікбаев еркін күрес шеберлерінің кешенді-ғылыми топ мамандарымен толығымен қамтылғанын мәлімдеді. Бас бапкердің айтуынша, командада дәрігер, массажшы және психолог жұмыс істейді.