Еркін күрестен үш мәрте Олимпиада чемпионы, Беларусь балуаны Александр Медведь 87 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.
"Бүгін әлем спортының аңызы, ХХ ғасырдың үздік балуаны, үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Васильевич 87 жасында дүниеден озды. Бұл қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жатқан жерің жайлы болсын, аңыз. Александр Васильевичтің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз", - делінген хабарламада.
Александр Медведь үш түрлі салмақ дәрежесінде (жартылай ауыр, ауыр және абсолютті) үш дүркін Олимпиада чемпионы (1964, 1968, 1972) болды. Сондай-ақ ол жеті рет әлем чемпионы (1962-1963, 1966-1967, 1969-1971), үш рет Еуропа чемпионы (1966, 1968 және 1972), сонымен қатар тоғыз рет КСРО чемпионы (1961-1970) атанған.