Ерлан Ақкенженов Қазақстан мұнайын тасымалдауда ең тиімді бағытты атады

190

Отандық мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыры арқылы тасымалданады.

Ерлан Ақкенженов Қазақстан мұнайын тасымалдауда ең тиімді бағытты атады Фото: gov.kz

Қазақстан Каспий құбыр консорциумының нысандары мен құбырларына жасалған апаттан кейін балама бағыттарды күшейтеді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілісте өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Тілшілер "Қазақстан Каспий мұнай құбырынан басқа тасымалдау жолдарын іздестіріп жатыр ма?" деп сұрады. 

"Қосымша экспорттық бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүгізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, мұнайымыздың 80 пайызы Каспий құбырынан экспортталады. Оған қосымша Атырау – Самара бағыты бойынша 8,8 млн тонна мұнай тасымалдауды қамтамасыз етіп жатыр. Қазақстан – Қытай мұнай құбырында 1 млн және оған қосымша 10 млн Ресей мұнайының транзитін қалыптастырып жатырмыз. Қосымша бағыт Ақтау портынан Махачкала портына дейін 2,2 млн тонна болатын мұнай көлемін тасымалдап жатырмыз. Тағы да Ақтау арқылы Әзербайжанға дейін 1,5 млн тонна тасымалдауды қамтамасыз еттік. Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры жүйесін ең перспективалық бағыт деп санаймын", – деді Ерлан Ақкенженов журналистердің сауалына берген жауабында.

Ведомство басшысының сөзінше, қазіргі таңда 2,2 млн тоннаға келісімшарттар бар. Министр оны ұлғайту үшін мүмкіндіктер де жетеді деп отыр. 

Журналистер "Теңіздегі апат қазақ мұнай экспортын азайтпай ма?" деп нақтылады.

"Әрине, азайтады. Өйткені, біздің мұнайдың экспортының сексен пайызы Каспий құбыры арқылы өтеді. Болған апаттар кері әсерін көрсетті. Біз оны көріп отырмыз. Каспий құбыры бойынша 3,6 млн тонна мұнай тасымалдау көлемін азайттық. Қосымша бағыттарды күшейтеміз", – деді Энергетика министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу