Ерлан Қайыров – Қазақстанда қазір шетел инвестициясы өңдеу секторына салынып жатыр

1302

Ерлан Қайыров – Қазақстанда қазір шетел инвестициясы өңдеу секторына салынып жатыр

ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Қайыров "Almaty Іnvest-2016" форумында инвесторларға Қазақстанға инвестиция салудың артықшылықтарын айтып берді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА. 
"Бізде биылғы жылдың басынан бастап, еліміздің барлық өңірінде инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 4 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде виза алудан бастап, жұмыс күшін әкелу, жер учаскелерін алу қызметтері бар", – деді Ерлан Қайыров. 
Сонымен қатар, вице-министр елімізде инвестициялық омбудсмен бар екенін де атап өтті. Бұл салада инвесторлардың пайдасы үшін сотқа дейін 60 мәселе шешілген.  
"Егер сіз Қазақстан үшін жаңа тауар шығаратын болсаңыз, ол тауар экспортқа бағытталса, онда Үкімет құрылыс-монтаж жұмыстары және құрылғы бағасына қатысты шығынның 30 пайызын өтеуге дайын. Шетелдік жұмыс күшін құрылыс жұмыстары барысында Қазақстанға кіргізуге және құрылғыны іске қосқаннан кейін де бір жылға кіргізуге рұқсат беріледі", – деді вице-министр. 
Ерлан Қайыров 11 жылда Қазақстан 230 млрд доллар тікелей шетел инвестициясын тартқанын айтты, мұндағы негізгі инвестиция мұнай-газ секторына салынған. Бірақ, индустрияландыру бағдарламасына сәйкес, қазіргі шетел инвестициясы өңдеу секторына салынып жатыр. 
Айта кетейік, бүгін Алматыда Ritz-Carlton қонақ үйінде Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Almaty Іnvest-2016" форумы өтіп жатыр. Халықаралық экономикалық жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек, ҚР ҰБ төрағасы Данияр Ақышев, UBS  Asset Management стратегиялар және жаһандық нарықтар бойынша басшысы Массимилиано Кастелли мен Sanlas hoiding компаниясының негізін қалаушы Гюнтер Небель секілді сарапшылар қатысуда. 
Жалпы форумға беделді саясаткерлер, әлемдік және отандық бизнес көшбасшылары, инвестициялық корпорациялар басшылары, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардан барлығы 500-ге тарта жоғарғы қызметтердегі маман келді. Форумда сауда және қызмет көрсету саласы, тамақ өнеркәсібі, іскерлік туризм, мемлекеттік-жеке серіктестік және индустриялдық даму секілді 5 басым бағыт бойынша Алматы қаласының инвестициялық мүмкіндіктері талқыланады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу