Оның сөзінше, жаңа преамбулада мемлекеттік шекара мен аумақтық тұтастық туралы анық жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нақтылай кетейік, әлеуметтік желілерде дәл осы тақырыпқа қатысты жалған ақпарат тарап жатыр. Сол үшін Мемлекеттік кеңесші бұған арнайы тоқталды.
– Конституциялық комиссия мүшесі ретінде қоғамда талқыланып жатқан бірқатар тақырыпқа қатысты өз ойымды білдіруді жөн санадым. Біріншіден, еліміздің аумақтық тұтастығына ешқашан қол сұғылмайды және ол ешқашан өзгермейді. Осылай тағы да қайталап өтуіміз керек, себебі кейбір азаматтың "Ата заңда елдің әкімшілік-аумақтық тұтастығы өзгереді" деген пікірі – жалған ақпарат, – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституцияның жобасында мұндай әрекеттерге осы кезде де, болашақта да қатаң тосқауыл қойылғанын жеткізді.
– Жаңа преамбулада елдің мемлекеттік шекарасы мен аумақтық тұтастығына қол сұғылмайтыны анық жазылған. Сол секілді, 2-баптың 6-тармағында "Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы өзгермейді" деп нақты көрсетілген. Бұл – Қазақстанның аумақтық тұтастығы мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз. Тіпті, референдумға да болашақта мұндай мәселелер шығарылмайды дегенді білдіреді. Мұны бүкіл ел азаматы білуі керек, – деді ол.
Бұған дейін жаңа Конституция жобасында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын көрініс тапқанын жазған едік.