Ақордада мемлекеттік органдардың байланыс орталықтарының жұмысын жетілдіру және халықпен кері байланыстың жаңа құралдарын енгізу мәселелері талқыланды. Жиынға Ерлан Қарин төрағалық етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының және басқа да мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік басқарудың барлық саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдары белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті.
– Президенттің елді ауқымды цифрландыру жөніндегі бастамасы мемлекеттік органдар жұмысының халықпен тиімді кері байланыс орнату секілді маңызды бағытын да қамтиды, – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, бүгінде халықпен кері байланыс орнатудың ауқымды инфрақұрылымы қалыптасқан. Ел бойынша ХҚКО-лар жыл сайын 30 млн-нан астам қызмет көрсетсе, мемлекеттік байланыс орталықтары 21 млн-нан астам қоңырау қабылдайды.
Сонымен бірге өңірлік I-Komek байланыс орталықтарының тиімділігінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, 2025 жылы азаматтардан түскен 4 млн қоңыраудың жартысынан астамы Астанаға тиесілі болған.
– Сондықтан, ең алдымен, елордалық I-Komek орталығының оң тәжірибесін өзге өңірлерге кеңінен таратып, олардың күнделікті мәселелерді шешу бағытындағы жұмысының тиімділігін арттыру қажет, – деді Ерлан Қарин.
Өңірлік байланыс орталықтарының жұмысы тиімсіз болған жағдайда азаматтар мәселелерін шешу үшін республикалық "e-Otinish" платформасына жүгінуге мәжбүр. Бұл ақпараттың жергілікті атқарушы органдарға кеш жетуіне және мәселелерді шешу мерзімінің ұзаруына әкеледі.
Кеңес барысында "e-Otinish", "111" байланыс орталығы, ХҚКО және азаматтарды қабылдау орталықтарының жұмысы таныстырылды.
– Кейінгі уақытта мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жаңа технологияларды мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу бағытындағы жұмысы едәуір күшейді. Бүгінде мемлекеттік органдардың фронт-офисін бірыңғай платформаға біріктіру, сондай-ақ жасанды интеллектіге негізделген заманауи құралдарды енгізу басты міндеттердің біріне айналып отыр. Бұл азаматтардың өтініштерін қарау тиімділігін арттырып, Президент бастамалары мен азаматтарымыздың өтініштерін жеделірек шешуге мүмкіндік береді, – деді Ерлан Қарин.
Жиын қорытындысында Ерлан Қарин мемлекеттік органдардың жұмысын проактивті форматқа көшіру және халықпен кері байланыс арналарының тиімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.