Ерлан Қарин Президент "екінші республика" деп нені меңзегенін түсіндірді

4446

Мемлекет хатшы Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "екінші республика" деген сөзіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ерлан Қарин Президент "екінші республика" деп нені меңзегенін түсіндірді

Бұл туралы ол Telegram-каналында жазды.

"Президент алматылықтарды Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, "екінші республика" деген жаңа анықтаманы қолданды. Осыған байланысты кейбір сарапшылар бұл ұғымның нені білдіретінін және оның бұрын айтылған "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасымен байланысын білгісі келеді. Шын мәнінде бұл екі идеологеманың мәні бір, ерекшелік тек акцентте", – деді Ерлан Қарин. 

Оның айтуынша, Жаңа Қазақстан – бұл ел болашағының бейнесі.

"Мұндағы әңгіме ең алдымен қоғамдық құндылықтарды жаңарту және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға қатысты. Бұл қаңтар оқиғасы немесе Жолдаудан кейін біз автоматты түрде Жаңа Қазақстанда өмір сүре бастадық дегенді білдірмейді. Президент "Жаңа Қазақстан" концептін ұсына отырып, таяу болашаққа арналған ұлттық құрылыстың жаңа мақсатын белгіледі. Жаңа Қазақстанды бір сәтте, бір түнде құру мүмкін емес. Бұл – қоғамды қайта құрудың терең және ұзақ процесі", деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ ол Президент мемлекеттік және қоғамдық даму парадигмасының өзгеру процесін нақты көрсету үшін "екінші республика" анықтамасын қолданғанын атап өтті.

"Екінші республика – бұл өте жақын және айқын мақсат, өйткені Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформалар осы жылы іске асырылады деп жоспарланып отыр. Басқаша айтсақ, Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңаруы, ал екінші республика – мемлекеттік модельдің жаңаруы", деді Мемлекет хатшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу