Ерлан Қошанов: Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін

1532

Қарағанды облысының әкімі қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке сөгіс жариялады.

Ерлан Қошанов: Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Қарағандыны аралау барысында қала әкімі Нұрлан Әубәкіровке сөгіс жариялады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі. 

Жуырда жергілікті телеарнаның бірінде Пришахтинскінің 21-ші ықшам ауданның тұрғындары "100 аула" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстарының сапасына наразылығын білдірген бейне сюжет шыққан болатын. Тұрғындар ауланы қалыпқа келтіру барасында жарықтандыру жүйесі орнатылмағанына, қоқыс салатын контейнерлік алаңға баратын жолдың жоқтығына шағымданды.

Ерлан Қошанов жағдайды өз көзімен көру үшін осы аулаға барды. Облыс әкімі 11-ші үйдің тұрғындарымен сөйлескен соң, аудан және қала басшылығына сын айтты.

"Біз облыстық бюджеттен "100 аула" бағдарламасына ақша бөлдік. Ал сіздер олардың жұмсалуын қалай бақылап отырсыздар? Бұл бастама адамдарға ыңғайлылық сыйлау үшін құрылған. Алайда бұл аулада керісінше жағдай бұрыңғыдан да нашар болып отыр!",– деп Ерлан Қошанов наразылығын білдірді.

Ол барлық ақауларды түзетуді талап етті. Осындай абаттандыру нәтижесінде Пришахтинск тұрғындары мектепке апаратын жолдардан айырылды. Бұрынғы асфальт алынып тасталған, ал жаңасы сол беті төселмеген. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты да тәртіп орнатуды тапсырды. 

"Сіздерде өткен жылдан бері қалған қоқыс бүкіл қала бойынша жайылып жатыр. Кез-келген аулаға барыңыз, санитарлық жағдайдан түршігуге болады! Мен мұндай лас Қарағандыны бұрын-соңды көрген емеспін!  Мүлдем босаңсып кеттіңіздер. Сізге, Нұрлан Ерікбайұлы, сөгіс жариялаймын", –­ деді әкім.  

Облыс әкімі қалалық мәслихаттың хатшысынан депутаттардың бүкіл қаланы аралап, әкімдіктің жұмысына өз бағасын беруін өтінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу