Сессия басталғалы бері 62 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Оның ішінде 55 заңға Президент қол қойған. Қабылданған нормативтік-құқықтық актілердің қатарында Су кодексі, сондай-ақ қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау, тауарлардың шығарылған елін айқындау, денсаулық сақтау және ойын бизнесі туралы маңызды заңдар бар.
Бүгінге дейін депутаттардың қарауына 76 заң жобасы келіп түсті. Президент тапсырмасына сәйкес, Салық, Құрылыс кодекстері мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, ғылыми зерттеу аумақтарын дамытуға, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруге және жасанды интеллектіге қатысты заң жобалары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Мәжіліс төрағасы жаңа Салық кодексінің бірінші оқылымының қорытындыларын, Президенттің Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа депутаттардың өңірлерге іссапарлары кезінде азаматтардан түскен арыз-шағымдарды мемлекеттік органдардың қарауы, Президенттің саяси реформаларын жүйелі жүзеге асыру мәселелері пленарлық отырыстарда тұрақты талқыланып келе жатқаны жайында айтылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Amanat партиясының "Қарызсыз қоғам", "Ауыл аманаты", "Жер аманаты", "Әкімдер мектебі" жобаларының жүзеге асырылу барысы таныстырылды.
Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталды. Атап айтқанда, Мәжіліс делегациясы Ташкентте өткен 150-ші Парламентаралық одақ ассамблеясына қатысып, Мемлекет басшысының әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған реформаларын таныстырған. Мұндай жұмыс ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясы, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы, ТМД парламентаралық ассамблеясы және басқа да бағыттағы халықаралық ынтымақтастық шеңберінде белсенді жүргізіліп жатыр.