Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қабылданған жаңа Бюджет кодексінде қандай өзгерістер қамтылғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Енді Ұлттық қор қаражаты тек өндіріске немесе елді мекендердің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымына жұмсалады. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектордағы дивидент саясаты қайта қаралды. Бұл да көп жылдан бері айтылып жүр. Біз осыны бүгін Бюджет кодексінде заңдастырдық. "Самұрық-Қазына" қорының кем дегенде 50 %, ал квазимемлекеттік компаниялардың 70 % табысы бюджетке аударылатын болады. Бұл бұрын Үкімет қаулысымен бекітілетін болатын. Бүгін Кодекске енгізіп отырмыз", – деді ол.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының бюджет қаражатын ұқыпты әрі үнемдеп пайдалану жөнінде бірнеше рет арнайы тапсырма бергенін еске салды.
"Жаңартылған бюджет процесінде біз сол критерийлерді негізге алдық. Жоспарлау аясын кеңейту үшін енді 10 жылға арналған болжам жасалады. Бұл тәсіл қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге бюджет шығысын дұрыс жоспарлауға, бюджетті тиімді игеруге мүмкіндік береді", – деді Мәжіліс төрағасы.
Бұдан бөлек өңірлердің дербестігі одан әрі арта түседі. Кодексте бюджет кірістерінің бір бөлігін республикалық деңгейден жергілікті билік органдары деңгейіне беру шаралары көзделген. Үкімет пен бюджет процесіне қатысушылар Парламент алдында есеп беруі нығаяды.
Қошановтың айтуынша, бұдан былай республикалық бюджетке енгізілетін барлық түзету туралы Парламентке хабарланатын болады. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметіне парламент бақылауы күшейеді.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс жаңа Бюджет кодексінің жобасын бірауыздан қабылдағанын жазғанбыз.