ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017-2018 жаңа оқу жылының басталуына әзірлік барысы туралы есеп берді, деп хабарлайды egemen.kz.
Сондай-ақ ол қоғам арасында қызу пікірталас тудырған мемлекеттік білім беру гранттарының бөлінуіне қатысты түсініктеме берді.
"Біз грантты экономиканың басым бағыттары бойынша бөлеміз. Мәселен, есептеу техникасына – 610, құқықтануға – 45 грант береміз. Жалпы медицинаға – 2,5 мың грант бөлсек, стоматологияға бар болғаны – 45. Мұның барлығы түрлі даму бағдарламаларында бекітілген. Сәйкесінше, жыл сайын жоғары балл жинағандар белгілі бір мамандыққа грантқа түсе алмай қалады, ал төмен балл жинағандар керсінше грант иегері атанады, – деді Ерлан Сағадиев. – Оның үстіне, қажетті мамандықтар саны өте кеш шығады және талапкер өз мүмкіндіктерін бағамдап үлгермейді. Балаға бейінді пәнін таңдап, сол бойынша дайындалуы үшін уақыт керек. Бұл мәселе бойынша министрлік бірқатар шешімдер ұсынады. Мәселен, мамандықтар бойынша бөлінетін гранттар санын үш жыл бұрын жариялау керек. Мұны үшжылдық бюджет аясында жасауға болады".
Сонымен қатар, министр білім беру гранттарын жеңілдікпен беру мәселесін де қозғады. "Бүгінде "Алтын белгі" бойынша әлеуметтік әділдік мәселесі өткір тұр. Биылғы гранттар "Алтын белгі" факторысыз, ҰБТ-да жинаған балл бойынша берілді. Одан кейін республикалық комиссия "Алтын белгі" алған талапкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін шамамен 4% грант қосты. Өткен жылы да "Алтын белгі" иегерлерін ЖОО гранттары бойынша орналастыруға мәжбүр болған едік. Енді биыл заңнамалық өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз", – деп атап өтті министр.