Ерлан Сәрсембаев: Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың функцияларын қайталамайды

510

Халық Кеңесінің жалпы құрамы 126 мүшеден тұрады.  

Ерлан Сәрсембаев: Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың функцияларын қайталамайды Фото: t.me/mazhilis_kz

Парламенттің бірлескен отырысында "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа қатысты бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Ерлан Саиров, Аманжол Әлтай және Наталья Дементьева, Сенаттан депутаттар Нұртөре Жүсіп, Нурия Ниязова және Алишер Сатвалдиев кірді. Комиссия төрағасы болып Нұртөре Жүсіп сайланды.

Заң жобасын Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды.

"Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалады. Оның мақсаттары, міндеттері мен қызмет қағидаттары белгіленеді. Сондай-ақ, өкілеттіктері, ішкі құрылымы және қалыптастырылу тәртібі бекітіледі. Бұл ретте ұсынылып отырған институт мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функцияларын қайталамайды. Ол керісінше ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады", – деді ведомство басшысы.

Құжатта Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптастырылған. Сессия – негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғары басшылық орган.

"Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар да кіреді. Сессиялар аралығында ағымдағы қызметті жүзеге асырып, шешімдерді дайындауды қамтамасыз ететін алқалы орган – Төралқа жұмыс істейді. Жекелеген нақты бағыттарды пысықтау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру көзделеді. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді Хатшылық жүзеге асырады. Ол мемлекеттік орган ретінде құрылатын болады", – деді Ерлан Сәрсембаев Парламенттің бірлескен отырысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу