Ерлан Тұрғымбаев: Аса ауыр қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасалмайды

1025

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Ерлан Тұрғымбаев: Аса ауыр қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасалмайды

Осы турасында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев заң жобасы аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босатуды және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыс үшін жаза мерзімін қысқартуды көздейтінін айтты. 

"Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, егде жастағы азаматтарға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, заң жобасын мемлекеттік орган өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің және сарапшылардың талқысынан өткен. 

"Еліміздегі 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 5 мың адам тергеуде, қамауда отыр. Олардың 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған. 45%-ы бұған дейін бірнеше рет сотталған. Ал 32 мың адам пробациялық бақылауда", – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, 2 236 сотталушы мен 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. 

"1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушыға, 7 294 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі шегеріледі. Сотқа дейінгі өндірістегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережесін қолданады", – деді министр.

Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, аса ауыр қылмыс жасаған азаматтарға рақымшылық жасалмайды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу