Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградаларын тапсырды

654

Жарас Жанғазиев ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, Дастан Әбдіқанов ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.  

Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқан полицейлердің отбасыларына мемлекеттік наградаларын тапсырды

ҚР Ішкі істер министрі қызметтік борышын атқару кезінде қаза болғандар полицейлердің туыстарына мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлайды polisia.kz сайты.

Қызметтік борышын үлгілі орындағаны, құқық тәртібін қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін Алматы қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкі қызметінің инспекторы Жарас Жанғазиев қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен, Алматы қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің полицейі Дастан Әбдіқанов қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

"Ішкі істер министрлігінің барлық жеке құрамы сіздің қайғы-қасіретіңізді бірге бөліседі. Балалар – әкелерінен, әйелдер – жұбайларынан, ата-аналар – ұлынан айырылды. Біз үшін де бұл орны толмас қаза. Қызмет барысында қаза болғандардың екеуі де өздерін жауапты және тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті. Олар үшін қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік және халықты қорғау бәрінен жоғары тұрды. Екі айдан астам уақыт бойы олар күшейтілген режимде жұмыс істеді. Полиция мамандығын таңдаған соң, бүкіл өмірін халық пен Отанға қызмет етуге арнады. Ең жақсы қызметкерлерден айырылу өте ауыр жағдай. Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқанов өз борышын лайықты әрі адал орындаған парасатты полицейлер ретінде әріптестерінің есінде мәңгі қалады", – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Қаза тапқандардың туыстары Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ІІМ басшылығына қолдау көрсеткендері үшін ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, министр Алматы қалалық Полиция департаментінде кеңес өткізді. Жиналыс барысында ол аумақтық бөлімшенің басшылығын қатаң сынға алып, бірқатар қызметкерге қатысты қабылданған қатаң шаралар туралы айтып өтті.

"Жеке құраммен алдын алу жұмыстарын жүргізуге бақылауды күшейту, теріс әрекет фактілерінің жолын кесу және қызметкерлердің тәртіп бұзушылықтарына немқұрайлы қарауға жол бермеу қажет", – деп атап өтті ведомство басшысы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу