Ерлан Тұрғымбаев: Учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттырамыз

710

Учаскелік инспектордың өкілеттік мерзімі кемінде 5 жыл болып белгіленбек. 

Ерлан Тұрғымбаев: Учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттырамыз

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтқан тапсырмаларын іске асыру аясында учаскелік инспекторлардың мәртебесі көтерілетінін мәлім етті. 

"Учаскелік инспекторлардың мәртебесін заң жүзінде арттырамыз. Олар белгілі бір аумақтағы қылмыстың алдын алатын ең басты тұлға екенін және жергілікті халықтың мәселесін шешуге, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізетінін Президент айтқан еді. Мемлект басшысының тапсырмаларын орындау үшін біз учаскелік полиция қызметкерлерінің құқық бұзушылықты, оның ішінде тұрмыстық оқиғалардың жолын кесу жөніндегі өкілеттерін кеңейтеміз. Заң бұзушыларға тыйым салу мен шектеулер қоюды өз шешімімен белгілеу құқығын учаскелік инспекторларға заңды түрде беру керек", – дейді министр. 

Оның сөзінше, учаскелік инспекторға бұзақы заң бұзуға ниеттенген жағдайда оны үйден қуып шығаруға және өзінің жауапты ауданында заң бұзуды жою туралы ұйғарым жасауына мүмкіндік берілуі керек.

Учаскелік инспектордың өкілеттік мерзімі кемінде 5 жыл болып белгіленбек.

"Бұл өте маңызды. Өзінің өңірі мен тұрғындарын жақсы білетін, халықтың сеніміне ие тәжірибелі қызметкер ғана қауіпсіздікке қатысты мәселелерді тиімді шеше алады. Сондай-ақ олар тұрғындармен кері байланыс орната білуі керек. Яғни халық учаскелік инспекторларға көмектесуі тиіс. Сонымен қатар әкімдіктермен бірлесе отырып, жаңа учаскелік бекеттердің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, учаскелік инспекторларға арналған тұрғын үймен біріктірілген пункттер салынып, қызмет көрсету жағдайын жақсарту жұмыстары жүзеге асуда", – деп атап айтты Ерлан Тұрғымбаев.

Нұржан Көшкенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу