Түрмеде жазасын өтеп жатқан "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев пен бұрынғы үкімет басшысы Серік Ахметов абақтыда жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлайды.
Редакцияның ҚР ІІД-не жолдаған сауалына берген жауабында Талғат Ермегияев пен Серік Ахметов түзету мекемелерінде жұмыспен қамтылғаны мәлімделген.
"Сотталған Талғат Ермегияев пен Серік Ахметов қазіргі уақытта жұмыспен қамтылған. Айлық жалақысы жұмыс істегеніне байланысты беріледі. Сотталған Қайрат Жамалиев қазіргі уақытта жұмыспен қамтылған жоқ. Жоғарыда айтылған сотталушылар өздерін жақсы жағынан көрсеткен. Осы мекемеде ұйымдастырылатын жалпы мәдени шараларға қатысып тұрады", – деді ҚР ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.
Еске салайық, экс-премьер Серік Ахметов 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді, сонымен қатар, оның мүлкі тәркіленген.
Ал Талғат Ермегияев 14 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сонымен қатар, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда жетекшілік қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды. Ермегияевтен жалпы Алматыдағы пәтері, Астана мен Алматыдағы жер учаскелері, бірнеше банктегі қаражат, бірнеше ЖШС-дағы үлесі және көліктері тәркіленген еді. Ал таяуда оның жазасын Астанадағы қатаң тәртіптегі колонияда өтеп жатқаны хабарланды.