Астана әкімдігінде ҚХР делегациясын қабылдады. Тараптар түрлі салада алдағы уақытта әріптестік жасау жөніндегі жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Чэнду қаласының ҚКП қалалық комитетінің хатшысы Фань Жуйпиннің кездесуі болып өтті.
"Екі елдің арасында барлық бағыттағы өзара тиімді әріптестік белсенді дамуда. Қытай біздің республикамызда ең басты іскер серіктесіміз. Ары қарай кеңеюдің жаңа импульсі мен екі ел мен қалалар арасындағы кооперацияның тереңдетілуі Жібек жолы экономикалық белдеуін жасауға бастама берді", - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Оның айтуынша Ұлы Жібек жолын жаңғырту бойынша Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен түйіндесіп жатыр.
Сондай-ақ ол өсімнің басты қозғаушы күші ретінде заманауи қалалардың ерекше орны барын айта кетті.
"Астана қаласы әкімдігі туристік саланы дамыту үшін үлкен бағдарлама дайындап жатыр. Астананың барлық жобасы "бір белдеу – бір жол" жобасымен тығыз байланыста. Біз үшін әлемнің басқа мегаполистерімен достық қарым-қатынаста болудың маңызы зор, оның ішінде ҚХР қалалары да бар. Сіздердің келу сапарларыңыз барысында біз де иық тіресіп ары қарай сіздермен бірге жұмыс жасаймыз деген үміттеміз", - деп сөзін қорытты Астана әкімінің орынбасары.
Чэнду қаласының ҚКП қалалық комитетінің хатшысы Фань Жуйпин оның сөзін қолдады.
"Мен үшін сіздермен Астана қаласында кездесу үлкен мәртебе. Біздің сапарымыздың мақсаты – екі ел арасындағы достықты нығайту. Сіздердің 20 жыл ішінде қаланың даму табысы біздерді таң қалдырды. Біздің қала Қытайдағы 9 ірі қаланың бірі, оның халқы 20 млн адам. Ол өзінің тарихымен, мәдениетімен, көптеген көрме, жәрмеңкесімен аты шыққан. Осы тұрғыдан келгенде бізге Астананың "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу тәжірибесі өте қызықты. Сонымен қатар, Астананың жаңа аймағында құрылыстар салудағы тәжірибесін үйренгіміз келеді", - деді ол.
Әрі қарай әріптестік үшін ол серіктестік және Астана қаласымен сауда қарым-қатынасын күшейтуді ұсынды.