Алматыға жұмыс сапарымен келген Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қаладағы және қала маңайындағы бірқатар спорт нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр ең алдымен жуырда ғана құрылысы аяқталған олимпиадалық дайындық базасына барды. Спорт нысаны бір уақытта 2300 спортшыға 23 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл нысан үзіліссіз жыл бойы жұмыс істейді.
"Спорт саласын дамытудың стратегиялық бағдары – Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Бұл құжатта айқындалған негізгі мақсаттардың бірі – спорт инфрақұрылымын дамыту арқылы халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру. Республика бойынша алдағы екі жылда 113 жаңа спорт нысаны салынады, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдана отырып қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады", - деді Ермек Маржықпаев.
Бұдан әрі Ермек Маржықпаев әлемде теңдесі жоқ және кез келген форматтағы кездесулер өткізуге мүмкіндік беретін "Ақбұлақ" Олимпиадалық орталығын, Ұлттық құрама командалардың спортшыларына дәрігерлік бақылауды жүзеге асыру, спортшыларды қалпына келтіру және оңалтуға арналған "Спорттық медицина және оңалту орталығын", "Спортшылардың допингке қарсы зертханасын", ҚазДҚҰО Олимпиада Хартиясында бекітілген әділ спорт құндылықтарын қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған ақпараттық және білім беру бағдарламалары арқылы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыратын Допингке қарсы ұлттық орталығына барды.
Сонымен қатар "Алатау" қысқы спорт түрлері бойынша Республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің қазіргі жағдайымен танысты.