Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына орай оның өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптың жаңа басылымы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ирина Серкебаева "Ермек Серкебаев. И жизнь, и молодость, и счастье. Новые страницы" кітабының екінші басылымын оқырман назарына ұсынды. Туындының алғашқы нұсқасы 2009 жылы жарық көрген.
Жаңа басылымға әншінің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер енгізілді. Кітапта оның ұстаздары, камералық музыкасы, қазақтың халық әндері туралы жаңа бөлімдермен қатар дискографиясы да қамтылған.
Басылым Серкебаевтар, Қорғановтар-Шамаро және Брюкнер әулеттерінің жеке мұрағаттары мен естеліктері негізінде әзірленген.
Таныстырылым барысында Ирина Серкебаева отбасылық мұрағаттағы сирек фотосуреттер, аудио және бейнематериалдарды көрсетті. Олар әншінің балалық шағынан бастап шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдерін қамтиды.
Кешке Ермек Серкебаевтың замандастары, әріптестері мен шәкірттері қатысып, өнер иесі туралы естеліктерімен бөлісті. Театр әртістері музыкалық бағдарлама ұсынды.