Ол қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарын менсінбейтін, өзге елдің идеологиясын таңған топтардың әрекетіне тосқауыл қою керектігін алға тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ермұрат Бапи желідегі "дүмше" діндарлардың халық арасына іріткі салып, дәстүрлі ислам қағидаларын бұрмалап жатқанын алға тартты.
"Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдырған, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда", – деді ол.
Халық қалаулысы бүгінгі қоғамда "ақпараттық терроризм" деп атауға болатын қауіпті үрдістің белең алғанына назар аударды. Ол мұны халықтың таным-түйсігін әдейі теріс арнаға бұрып, агрессивті идеологияны күштеп таңу әрекеті деп бағалады.
"Шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, "ақпараттық терроризм" деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет!", – деді Бапи.
Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бүгінде жастардың діни танымы мешітте емес, негізінен әлеуметтік желілерде қалыптасып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол ресми институттардың бұл кеңістіктегі белсенділігінің төмендігі қауіпті пропагандаға жол ашып отырғанын айтты.
"Себебі, бүгінде әсіресе жастардың сенім-танымы мен қоғамдық көзқарасы дәстүрлі діннің мешіттерінде емес, әлеуметтік желілерде қалыптасуда. Егер бұл ресурстарда ресми институттардың жүйелі, авторитетті және заманауи ұстанымы тапшы болса, бұл бос қалған кеңістікті қарабайыр және қауіпті пропаганда толтырады", – деп нақтылады Бапи.
Депутат соңғы уақытта әлеуметтік желіде қызу талқыланған "жалған діндарлардың" "әйелін шәкіртіне сыйға тарту" және "Наурыз – біздің мереке емес" деген сияқты теріс әрекеттері мен үндеулеріне де тоқталып өтті. Оның пайымдауынша, мұндай жат түсініктерді насихаттау – мемлекеттің конституциялық құрылымына қарсы шығумен тең бұл бағыттағы теріс догмаларға қазірден бастап қатаң тойтарыс беру қажет.
"Іс жүзінде халықтық, қазақтық ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу – Қазақстанның конституциялық құрылысына қарсы шығу деген сөз! "Қазақстан – зайырлы мемлекет" деп, Ата Заңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу - қылмыс! Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең тіземізді тістелеп, қапыда қалуымыз әбден мүмкін. Оның күрт кереғар нәтижесі бізге адам айтқысыз ауыр тиері кәдік! Біз қыр арқасы қырқылған, ішкі дүниесі тұлдай, таным-түйсігі быт-шыт болуы шынайы ықтимал қоғамды құтқаруға дәл бүгін кіріспесек, бұл кереғар жағдайды түзеу әрекетінен кеш қаламыз", – деді ол.
Депутаттың айтуынша, еліміздің заңын сыйламайтын және ұлттық дәстүрді жат санайтындардың ұстанымы ел болашағына балта шабады.
"Құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!", – деді Бапи.
Сөз соңында депутат Бас прокуратура мен мемлекеттік органдарға онлайн ортадағы бақылауды күшейтуді ұсынды.