Ермұрат Бәпи: Тілді текетірестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді

Жаңа Конституцияның жобасы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қаралды. 

Ермұрат Бәпи: Тілді текетірестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді Фото: Аскар Ахметуллин

Онда депутат Ермұрат Бәпи конституциялық реформаны талқылау жөніндегі ұсынысына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– "Жаңа Қазақстанды" қалыптастыру сұраныстарына сәйкес, біздің қоғам "елде саяси өзгерістер болуы керек" деген талапты талмай айтып келе жатқаны мәлім.

Бірақ біз елде бұрынғы 30 жыл бойы қалыптасқан, сірескен саяси режимнің сеңі 2022 жылғы референдумның барысында сөгіле басталғанына мән бермей жүрміз. Сондағы алғашқы реформаның нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан құндылықтарды бағалай алмай жүрген "созылмалы қарсылық дертіміз" өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай боп тұр.

Бүгінгі қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде, соңғы алты ай көлемінде сұлбасы жасалған конституциялық өзгерістерге қатысты батыл, бірақ бір жақтан сыңаржақ сындар көп айтылды. Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек! – деді халық қалаулысы.

Депутаттың пікірінше, жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тірелуде. Сондықтан, бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайды. 

– Қазақта "басқа пәле – тілден" деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл "пәленің" қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. 

Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керекті, – деді ол. 

Ермұрат Бәпидің сөзінше, үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сарымайға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу – дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла. Сол себепті, "тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді" деп есептейді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу