ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен XVI "ИННОПРОМ" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ұйымдастырылған Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 8-інші отырысын ашты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Отырысқа Армения Республикасының Экономика министрі Геворг Папоян, Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі Андрей Кузнецов, Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алиханов, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесі, Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министр Гоар Барсегян қатысты.
Ерсайын Нағаспаев өз сөзінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарына сәйкес бірлескен инновациялық жобаларды іске асырудың маңызын атап өтті.
Кездесу барысында өнеркәсіптік кооперацияны қаржылай қолдау тетіктері, роботтандыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, ортақ ақпараттық ресурстарды дамыту және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Отырыс қорытындысында ЕАЭО Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 8-інші отырысының хаттамасына қол қойылды.