Ертең Астанада ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен "Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында медиа ресурстар нарығының дамуы" тақырыбымен Қазақ сайттары редакторларының форумы өтеді, деп хабарлайды silteme.kz.
Шараны ұйымдастырушылар - "Қазақстан" телерадиокорпорациясы, Қазақстандағы АҚШ елшілігі және Қазақстан баспасөз клубы.
Форум барысында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп, қатысушылардың алдында сөз сөйлейді.
Форумның мақсаты – қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын арттыру және өзекті мәселелердің шешімін табу.
Аталмыш шараға "Қазақстан" РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев, сондай-ақ, журналистер, веб-редакторлар, блоггерлер қатысады.
Форум аясында осы саланың білікті мамандары қазақ тілді сайттарға байланысты өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісетін болады.
Бұл форум қазақтілді сайттардың ақпарат кеңістігіндегі орны мен ерекшеліктерін айқындап, контент сапасы, оқырман талабы, жарнама мен қаржыландыру, жаңа медиа мен қазіргі трендтер, жаңа технологиялар сияқты тақырыптарды қамтиды.