2024 жылдың Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғаны Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Қытайға ресми сапары барысында белгілі болды.
Бейжіңге Қазақстанның ресми делегациясы келіп жетті. Оның құрамында Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ әкімдіктердің, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының, "Атамекен" ҰКП-ның өкілдері мен 150-ден астам мәдениет қайраткері бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда ресми іс-шаралар өтетін нысандарда қызу дайындық барысы жүріп жатыр. Конференц зал мен концерттік залдар қонақтарды күтуге әзірленіп, әртістік ұжымдар дайындықтарын жүргізіп жатыр.
Жылдың ашылуы аясында бірқатар іс-шара өтеді. Олар Туризм және инвестицияларды дамыту бойынша Қазақстан-Қытай форумы, Қазақстан облыстарының көрмесі, этноауылдағы мәдени іс-шаралар, сонымен қатар гала-концерт болмақ. Ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі.
Айта кетейік, форумға қатысушылар Қазақстанның 17 облысының стендтерін тамашалай алады. Онда әрбір өңірдің туристік нысандары көрсетілген.
Сондай-ақ форум аясында туризм саласындағы мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен екі панельдік сессия өтеді. Бірінші сессия "Қытай саяхатшылары үшін Қазақстандағы ұйымдастырылған туризм мүмкіндіктері", екінші сессия "Туристік бизнестегі әріптестік: Қазақстан-Қытай арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер".
Оған қоса, форум барысында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы мен Messe Frankfurt Asia Holding өкілдері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.
Өз кезегінде Қазақстан мәдениетін гала-концертте өнер көрсететін әртістер таныстырады. Олардың қатарында шығармашылық музыка және би ұжымдары, сондай-ақ Роза Рымбаева, Әли Оқапов, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, "Ұлытау" тобы және басқа да жарқын солистер бар. Гала-концертте Қытайдың өнерпаздары да өнер көрсетеді.
Оған қоса, делегаттар тізімінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, UFC спортшысы Шавкат Рахмонов пен Олимпиада жүлдегері Қанат Ислам да бар.