ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы арқылы электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу және сату моделі іске қосылады. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлық операцияларды болдырмауға; электр станцияларының техникалық мүмкіндігі негізінде тәуліктік кестелерді қалыптастырудан бас тарту және тұтынушылардың нақты графиктерге көшуі есебінен көрші мемлекеттердің энергия жүйелерімен электр энергиясы ағындарының ауытқуын барынша азайтуға; жұмыс істеп тұрған станциялардың ағымдағы тарифтерімен тапшылық кезінде жаңадан іске қосылатын энергия көздерінің жоғары тарифтерін және импорттық электр энергиясының бағаларын теңестіруді қамтамасыз етуге, сондай-ақ болашақта өңірлер арасында электр энергиясына тарифтерді теңестіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы болып "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС ("ЖЭК бойынша ҚЕАО" ЖШС) – ҚР Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы анықталды. Бұған дейін "ЖЭК бойынша ҚЕАО" ЖШС жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және Қазақстанның біртұтас энергожүйесіне жеткізілген электр энергиясын сатып алуды және сатуды жүзеге асырған болатын.
"ЖЭК бойынша ҚЕАО" ЖШС орталықтандырылған сауда-саттықтың электрондық алаңында – "Электр энергиясы мен қуаты рыногының Қазақстандық операторы" акционерлiк қоғамы ("ЭҚРҚО" АҚ) сауда-саттық жүргізу арқылы отандық электр станцияларынан электр энергиясын жоспарлы сатып алуды бір тәулік бұрын жүзеге асырады.
Отандық электр станцияларынан электр энергиясының көлемі жеткіліксіз болған жағдайда, Бірыңғай сатып алушы көрші мемлекеттердің энергия жүйелерінен электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады. Импорттық электр энергиясының құны барлық көтерме тұтынушыларға бірдей бөлінеді.
Электр энергиясын еліміздің барлық ЖЭО-дан; ҚЕАО-мен ЖЭК-ті қолдау тетігі бойынша келісімдері бар ЖЭК объектілерінен; тендерлер мен аукциондар бойынша енгізілген жаңа дәстүрлі электр станцияларынан; Энергетика министрлігімен жаңғыртуға, реконструкциялауға және кеңейтуге арналған инвестициялық келісімдер бойынша енгізілген энергия қуатынан толық сатып алу жүргізіледі. Бұл тізбеге кірмейтін электр станциялары ең төменгі құнды ұсыну арқылы сұраныс үшін бәсекелеседі.