Өткен демалыс күндері Павлодар облысының Ертіс ауылында күллі жұртты дүр сілкіндірген оқыс оқиға орын алған болатын. Жеті бірдей азамат белгісіз сұйықтықты ішіп, қайтыс болды. Бұған қатыст аудандық әкімдік түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 27 мамыр күні сағат 22.17-де Ертіс ауылындағы үйлердің бірінен 1955 жылғы үй иесі мен оның 1990 жылғы ұлының денелері табылды. Екінші күні сағат 07.15-те аудандық ауруханада 1975 жылғы ер адам қайтыс болды. Сол уақытта 1957 жылғы тағы бір зейнеткер өз үйінде жан тапсырды. Сенбі күні сағат 18.00 шамасында ауруханада 1969 жылғы ер азамат та өмірден өтті. Олармен бірге дастархандас болған екі ер адамның бірі аудандық, бірі №3 Павлодар қалалық ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер 1974 жылғы және 1980 жылғы тұрғындардың өміріне араша түсе алмады.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайтыс болған азаматтардың барлығы белгісіз заттан уланған. Бірақ оның қандай сұйықтық болғанын әзірге ешкім білмейді.
Полиция департаменті марқұмдар белгісіз сұйықты ішкен ыдысты тәркілеп, сот-медициналық сараптамаға жолдады. Бірақ нақты қорытындысы әлі күнге дейін шыққан жоқ.
Бейресми мәліметтер бойынша, ыдыста метил спирті болуы мүмкін. Оның екі стақанының өзі тіл тартпай кетуге жететін көрінеді.
Аталмыш жағдайға байланысты Қылмыстық Кодекстің 306-бабы 3-бөлімі – абайсызда адам өліміне себеп болған, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды сату немесе шығару, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Бүгін Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин аталмыш жағдайға байланысты түсініктеме берді. Аудан басшысының сөзінше, қайтыс болған азаматтардың тұрмыстық жағдайы төмен болған.
"Қайтыс болған азаматтардың қатарында зейнеткерлер, жергілікті шаруашылықтарда уақытша және тұрақты жұмыс істейтіндер бар. Барлығының әлеуметтік жағдайы нашар болған. Ешқайсысының отбасы, әйелі жоқ. Ішімдікке әуес болғандары да рас. Алдын ала болжам бойынша, Пономаренко деген азамат өзі жұмыс істейтін шаруашылықтан белгісіз сұйықтықты ұрлап, кейін басқа ауылдастарымен бірге ішкен. Тергеу жұмысы әлі жалғасып жатқандықтан, басқа ақпараттарды бере алмаймыз", - деп қысқа қайырды Аян Бейсекин.
Ал полиция департаменті арада бес күн өтсе де сараптама қорытындысын әзірше жариялаған жоқ.
Құндыз Қабылденова