Абай облысындағы алапат өрт барша қазақ жұртының қабырғасын қайыстырды. Әсіресе, семейліктер үшін қазір оңай емес. Осынау сын-сағатта ел болып қолдау көрсетіп, жұрт болып жұмыла білуіміз маңызды. Сондықтан Павлодар облысының жұртшылығы көршілес аймақтағы ағайынға қолдан келген қолдауды көрсетуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мұнда бір күн аралығында 35 тоннадан астам гуманитарлық көмек пен 15 млн теңге көлемінде қаражат жиналды. Оның ішінде азық-түлік, сусындар, гигиеналық заттар, жанар-жағармай талондары бар.
"Біз Абай облысындағы жанар-жағармай жеткізушілерінен 10, 20 литрлік талондар сатып алдық. Барлығы 10 тонна дизель отыны алынды. Бұл ретте кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен іргелес өңірдегі жағдайға бейжай қарамаған белсенді жерлестерімізге алғыс айтамыз", - дейді "AMANAT" партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко.
Одан бөлек, өрттен зардап шеккен облыс жастарына Торайғыров университеті 10, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 5 грант бөлді. Тиісті сертификаттар да гуманитарлық көмекпен бірге тапсырылады.
Сонымен қатар, студенттерден құрылған еріктілер тобы Абай облысына жолға шықты. Оның ішінде 30 жас бар. "Жақсылық жаса" еріктілер ұйымының өкілі Абди Харистің айтуынша, олар алдағы үш күн аралығында жергілікті тұрғындарға қажет көмекті көрсетеді.