"Ертіс дарыны" премиясына құжаттар қабылданып жатыр

997

Бұл байқау Павлодар облысының жастарына арналған.

"Ертіс дарыны" премиясына құжаттар қабылданып жатыр

Былтыр Жастар жылы аясында аймақта алғаш рет "Ертіс дарыны" облыстық жастар премиясы жарияланған еді. Соның аясында 10 номинация бойынша жиырма үздік жас азамат анықталып, арнайы диплом және жарты миллион теңгелік сыйақыға ие болды.

Бұл игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Бірақ былтырғыдай үш кезең емес, екі кезең ғана болады. Өткен жылы жұртшылықтың пікірі ескеріліп, тұрғындар үміткерлерге онлайн түрде дауыс берген болатын. Осы жылы мықтыларды тек қазылар алқасы таңдайды.

Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәліметі бойынша, биыл енгізілген тағы бір өзгеріс – "Медицина" аталымының қосылуы. Адам жанына араша түсіп жүрген жас дәрігерлердің арасынан үздіктер анықталмақ. Оған қоса, "Ертіс дарыны" премиясы "Білім және ғылым", "Журналистика", "Қоғамдық қызмет", "Спорт", "Мәдениет", "Өндіріс қызметкері", "Кәсіпкерлік", "Ерлігі үшін", "Еріктілік" номинациялары бойынша табысталады.

Байқауға қатысу үшін Павлодар облысының 14-29 жас аралығындағы азаматтары 15 қарашаға дейін құжаттарды тапсыруы қажет. Жеңімпаздар Тұңғыш Президент күні қарсаңында анықталып, әрқайсысына 500 мың теңге беріледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарды жігерлендіріп, қомақты қаржы ұсынатын осындай байқау өзге өңірлерде жоқ. Сондықтан басқа аймақтағы әріптестер байқаудың шарттары мен талаптарын сұрастырып, өз облыстарында да өткізуге ниет білдіріп отырған көрінеді.

Ажар Дәулетова

Фото: Ольга Бугаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу